Аңызға айналған Backstreet Boys тобы Астанадағы саябақта ағаш отырғызды
Музыканттар экологиялық бастаманы жылы қабылдап, жасыл қала құру ісіне өз үлесін қосуға қуана келісім берді

Астанаға концерт қоюға келген аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында сенбілікке қатысып, Бейбітшілік пен келісім саябағында ағаш отырғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметінше Бейбітшілік пен келісім саябағы – конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға арналған бірегей кеңістік. Мұнда «Жұлдызды аспан» туннелі, «Өмір ағашы» ескерткіші мен сатылы сарқырама орналасқан.
«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында бұл жерде ерекше іс-шара болды: әйгілі Backstreet Boys тобы елордалықтармен бірге ағаш отырғызуға қатысты. Музыканттар экологиялық бастаманы жылы қабылдап, жасыл қала құру ісіне өз үлесін қосуға қуана келісім берді», - деп жазылған хабарламада.
Солист Брайан Литтрелл өзінің Instagram парақшасында Қазақстаннан алған әсерін бөлісіп, суреттер жариялады.
Концерт 21 қыркүйекте өтеді, Қазақстанның астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған мың жанкүйер келеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетері, елордада 13 қыркүйек пен 11 қазан аралығында дәстүрлі «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы өтіп жатыр.