Ақтөбеде мал ұрылары ұрлаған жылқының ішек-қарнын ақтарып жатқан жерінен ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полицейлер мал ұрыларын қылмыс үстінде ұстады

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) қызметкерлері мал ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олар ұрлап алып кеткен малды сойып жатқан жерінен қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, оперативтік шаралар нәтижесінде анықталғандай, күдіктілердің бірі жайылымда жүрген жылқыны орман алқабына қарай айдап апарып, сол жерде сойып отырған. Ал екінші күдікті делдал рөлін атқарып, етті алып кетіп, қала базарларының бірінде сатуды жоспарлаған.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері жылқының сойылған еті мен күдіктілер пайдаланған көлік құралдарын – мотоцикл мен жол талғамайтын автокөлікті тәркіледі.

«Аталған факті бойынша қазіргі уақытта мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмау, қажетті сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар, күдікті әрекеттер байқалған жағдайда азаматтарды ішкі істер органдарына жедел хабарлауға шақырады», – делінген ПД хабарламасында.