Ақтөбеде жапа шеккен жасөспірімнің туыстары тергеудің әділдігін талап етті
Ақтөбеде төбелестен ауыр жарақат алған 16 жастағы жасөспірімнің туыстары қылмыстық істің бір бабы жабылғанын, істі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін айтып, қауіптеніп отыр. Олар әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Жәбірленуші Темірлан Мырзабайдың төбелестен соң оң көзінің көру қабілеті 75 пайызға түсіп кеткен. Туыстары тергеудің әділетсіз жүріп жатқанын айтып, істі қайта қарауды сұрайды.
Оқиға маусым айының соңында болған. Төбелестің бір бөлігі супермаркеттің бейнабақылау камерасына түсіп қалған: кадрда жасөспірімнің қатарластарынан қорғанып жатқанын көруге болады. Бетінен ұрған соққылардың бірінен көзілдірігі сынып кетіп, көзіне зақым келтірген.
Осы соққының салдарынан ол оң көзінен айырылды.
«Қазір ол бұрынғыдай өмір сүре алмайды, спортты тастауына тура келді. Алда оны ота мен ұзақ оңалту күтіп тұр», – дейді туыстары.
Алғашында полиция істі екі бап бойынша қозғаған: «Бұзақылық» және «Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру». Алайда кейін «Бұзақылық» бабы бойынша тергеу тоқтатылды. Жақындары енді екінші баптың «жеңіл жарақатқа» ауыстырылып кетуінен алаңдап отыр.
«Олар мұны жеңіл жарақат дейді. Қалайша жеңіл болады? Мен өзім баланы ауруханаға апардым – ол кезде оң көзі мүлдем көрмей қалған еді, себебі әйнек көзіне кіріп кеткен. Ота жасалды. Бұл қалайша жеңіл жарақат бола алады? Күмәніміз өте көп, өйткені күдіктілер ешнәрседен қорқып жүрген жоқ», – дейді жәбірленушінің әпкесі Айжан Тоқмұханбетова.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қосымша сараптама тағайындалған, соның нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.