Әсіресе Алакөлге қатынайтын пойыздарға қызығушылық жоғары болды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен 2025 жылдың жаз айларында 4 миллионнан астам жолаушы қатынаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметі хабарлағандай, ең көп сұранысқа ие бағыттар – Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Ақтөбе, Түркістан және Алакөл көлі болды. Жолаушылар сұранысын қанағаттандыру үшін қосымша 13 маршрут ұйымдастырылды.
Әсіресе Алакөлге қатынайтын пойыздарға қызығушылық жоғары болды. Олар – Астана-Достық, Алматы-Достық, Семей-Шар-Достық, Өскемен-Ақтоғай-Достық, Қызылорда-Достық және Павлодар-Достық бағыттары.
Маңызды өзгерістердің бірі – Астана-Бурабай бағыты бойынша №888/887 Burabay Express жаңа электропойызының іске қосылуы. Алты вагоннан тұратын пойызда үш түрлі қызмет класы ұсынылған: бірінші, комфорт-плюс және стандарт. Бұл пойызда Қазақстанда алғаш рет Starlink жоғары жылдамдықты интернеті орнатылып, бүкіл жол бойында тұрақты байланыс қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, вагон паркі жаңартылып жатыр. Тамыз айында Алматы-Саратов халықаралық бағытына 30 заманауи вагоннан құралған жаңа пойыз жіберілді. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай жақсартты.
2025 жылдың басынан бері ұлттық тасымалдаушы пойыздарымен 352 мың мүмкіндігі шектеулі азамат және 1,2 миллионнан астам бала жолға шыққан. Бұл теміржол көлігінің әлеуметтік маңызын айқындайды.