Амантай қажының тағы да басы дауға қалды: жаңа көпірге сурет саламын деп айыппұл арқалады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның оқиғасы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: threads/asshimova

Алматыда 83 жастағы Амантай қажы жаңадан жөндеуден өткен көпірді аэрозольді бояумен бояймын деп әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды?

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада ақсақалдың Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы көпір тірегіне сурет салып жатқан сәті бейнеленген. Жергілікті тұрғын оның бұл әрекетке ашуланып:

«Өзінің ақымақ карикатурасымен жаңадан салынға көпірді бүлдірді. Осындай адамдарды қоғамдық жұмысқа тарту керек. Өзінің бүлдіргенін өзі өшірсін», – деп жазды ол.

Кейін желі қолданушылары фотодағы атышулы Амантай қажы екенін таныды.

Полицияның пікірі

Алматы полициясы фактіге байланысты түсініктеме берді.

«Құқық бұзушы қаланың келбетін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар оған профилактикалық түсіндіру жүргізілді», – делінген ресми хабарламада.

Құзырлы орган қала көшелерінің тазалығы мен сақталуы – ортақ жауапкершілік екенін еске салды.

Айта кетейік, осыған дейін Амантай қажының баспалдақтың шетінде тұрған әйел адамды итеріп жіберген оқиғасы қоғамда резонанс тудырған. Салдарынан әйел адамның сүйегі сынып кеткен. Осы оқиғаның салдарынан оның сотталып кетуі мүмкін екені хабарланған.