Еурокомиссия басшысы Фон дер Ляйенге айып тағылды
Ол кандидаттармен сұхбаттасу кезінде жазба жүргізбегені белгілі болды

Еурокомиссия (ЕК) төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің болашақ еврокомиссарлармен өткізген сұхбаттары ресми түрде құжатталмағаны белгілі болды. Бұл жайт Еуроодақтағы кадрлық процестердің ашықтығына қатысты сұрақтар туындатты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Басылымның мәліметінше, журналистер 2024 жылы фон дер Ляйен мен Испаниядан келген кандидат Тереса Рибера арасындағы әңгімеге қатысты ресми жазбаларды сұратқан. Кейін Рибера ЕК төрайымының орынбасары болып тағайындалған еді. Алайда құжаттар тек бір жылдан кейін Еуропалық омбудсмен арқылы берілген екі шағымнан соң ғана қаралып, ЕК-нің бас хатшысы Илзе Юхансоне сұхбаттың «ауызша түрде өткенін және ешқандай жазба жасалмағанын» растады.
Еуропалық омбудсмен Тереза Анжиньо бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Құжаттарға қол жеткізуге қатысты сұраныстардың ұзақ уақытқа созылуы, ал соңында ешқандай жазбаның жоқ екені ғана анықталуы – азаматтардың ЕО билігіне деген сенімін әлсіретуі мүмкін», – деді ол.
Айта кетейік, Еуропарламент алдағы 6-9 қазан аралығындағы пленарлық сессияда Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік білдіру мәселесін қарамақ. Оған қарсы айтылып отырған негізгі айыптардың бірі ашықтық пен есептіліктің жеткіліксіздігі.