Жыл басынан бері елордада қызметтік иттердің көмегімен шамамен 170 құқықбұзушылық анықталды
Өткен түні Қарағандыдан Астанаға кіреберістегі «Күйгенжар» блок-бекетінде полиция көлікті тоқтатты. Қызметтік бельгиялық овчарка Корона тексеру барысында жүргізушінің қимылынан тыйым салынған заттың барын сезіп, белгі берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру кезінде ер адамның шұлығынан оралған түйіншек табылып, ішінен синтетикалық есірткі – альфа-PVP шықты. Сонымен қатар, жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Күдікті қамауға алынды.
Полиция дерегінше, жыл басынан бері елордада қызметтік иттердің көмегімен шамамен 170 құқық бұзушылықтың жолы кесілген, оның ішінде 30-ға жуығы есірткіге қатысты.
Корона есімді қызметтік ит туған күнінен бастап құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді және бірнеше рет қылмыстарды ашуға көмектескен.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау немесе сату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Егер мұндай деректерге куә болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлау қажет.