Ақмола облысының тұрғыны WhatsApp арқылы берген тапсырысының ақшасын қайтарып алды
Облыс тұрғыны бірнеше рет Kaspi арқылы ақша аударғанымен, тауар қолына тимеген

Ақмола облысының тұрғыны алдын ала онлайн тапсырыс берген тауары жеткізілмегендіктен, 9 900 теңге сомасын қайтарып алды. Жағдай Департаменттің сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасына жүгіну арқылы шешілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға қалай болды?
Сатушы WhatsApp-топ арқылы Қытайдан тауарларды алдын ала тапсырысқа ұсынып, суреттерін жариялап, жеткізу мерзімін көрсеткен. Облыс тұрғыны бірнеше рет Kaspi арқылы ақша аударғанымен, тауар қолына тимеген. Ал сатушы бұл жағдайды «жеткізуші тарапынан туындаған қиындықтармен» түсіндірген.
Қандай шешім қабылданды?
Департамент мамандары ұсынылған материалдарды – аударымдар түбіртектерін, хат алмасуды және мәміле жасалғанын растайтын өзге де дәлелдерді қарады.
Ведомствоның мәліметінше, заңнамаға сәйкес онлайн-хат алмасу мен төлем түбіртектері сатып алу-сату шартының жасалғанын растай алады.
«Бұл тұтынушыға тауарды жеткізуді немесе төленген соманы қайтаруды талап етуге құқық береді. Осы жағдайда шағым қаралғаннан кейін сатушы ақшаны толық көлемде қайтарды», – деп хабарлады Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Қандай ережелерді есте сақтау керек?
Мамандар қазақстандықтарға онлайн алдын ала тапсырыс жасағанда мына талаптарды орындауды ескертті:
- төлем түбіртектері мен хат алмасу скриншоттарын сақтау;
- сатушыны тексеру;
- мәміле шарттарын жазбаша бекіту.
Егер шағымға 10 күн ішінде жауап берілмесе, департаментке жүгіну немесе сотқа талап арыз беру ұсынылады.