«Чемпиондық рух»: Астанада отбасы құндылықтары мен спортты біріктірген марафон өтті
Жобаның ерекшелігі – жасына, кәсібіне немесе физикалық дайындығына қарамастан, барша қауымды ортақ құндылықтар төңірегінде тоғыстыруында

Астанада өткен мерекелік жүгіру додасына 1000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтары қатысып, салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға үлес қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марафонды «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ Астана қалалық филиалы «Чемпиондық рух» жобасы аясында өткізді. Аталмыш бастама ел ішінде спорт мәдениетін дамытуға, белсенді өмір салты арқылы азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын ұйым төрағасы Арсланбек Мағзұм атап өтті.
«Чемпиондық рух – бұл тек спорт емес, бұл – өмір салтына айналып, азаматтарды ортақ алаңға біріктіретін жоба. Отбасы күні қарсаңында рухтас достармен және қала тұрғындарымен бірге марафонға қатыстық. Осы бастама арқылы отбасы институтын нығайтып, салауатты әдетті күнделікті өмірге енгізуді мақсат етеміз», – деді Арсланбек Мағзұм.
Жобаның ерекшелігі – жасына, кәсібіне немесе физикалық дайындығына қарамастан, барша қауымды ортақ құндылықтар төңірегінде тоғыстыруында. Жүгіру қашықтығы кәсіби спортшыларға да, әуесқой қатысушыларға да ыңғайлы болу үшін 4 және 7,6 шақырым болып белгіленді. Көптеген отбасылар балаларымен бірге қатысып, бір-бірін қолдап мәреге жетті.
Қатысушы елорда тұрғыны Әлихан Мақсатұлы өз әсерімен бөлісті:
«Бүгін ерекше күн болды. Ұлыммен бірге алғаш рет жарысқа шықтық. Бұл тек спорт емес, бірге өткізген қымбат әрі естен кетпес сәт. Осындай бастамалар отбасылық байланыстарды нығайтуға үлкен ықпал етеді», – деді үш баланың әкесі.
Жарыс соңында барлық тіркелген қатысушылар арасында лототрон арқылы бағалы сыйлықтар ойнатылды. Белсенділік танытқан жанұялар мен үздік қатысушылар марапатталып, жеңімпаздарға смарт-сағаттар мен құлаққаптар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба денсаулықты нығайту, отбасы институтын қолдау және азаматтық қоғамды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Қысқа уақыт ішінде түрлі форматта жүзеге асқан «Чемпиондық рух» бастамасы еліміздің көптеген өңірін қамтып үлгерді. Алдағы уақытта Олимпиада чемпиондарымен таңғы жаттығулар, спорттық жарыстар мен мотивациялық кездесулер жалғасын табады.