СҚО-да Есіл өзенінен мамонттың алып сүйегі табылды

Автор: Асыл Арман

Сүйекті ТЖД қызметкері Әсет Шайкин тапқан

Фото: 7152.kz

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде балық аулап жүрген құтқарушы мамонтқа тиесілі болуы мүмкін сүйекті тауып алды. Ғалымдар бұл олжаны сирек кездесетін сенсация деп бағалап, өзеннің түбінде тұтас қаңқа сақталған болуы ықтимал екенін айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі 7152.kz-ке сілтеме жасап.

Сүйекті кім тапты?

СҚУ профессоры Анатолий Плешаковтың айтуынша, сүйекті ТЖД қызметкері Әсет Шайкин тапқан. Ол балық аулап жүрген кезде судан шығып тұрған алып сүйекті байқап, кейін суретін ғалымдарға жіберген.

«Жексенбі күні Бескөлге барғанымызда ол бізге орнын көрсетті. Бұл – нағыз сенсация. Мамонт сүйегі күнде табыла бермейді», – дейді профессор.

Алдын ала болжам

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл – мамонттың немесе жүндес мүйізтұмсықтың жіліншік сүйегі. Ғалымдар бұл маңнан толық қаңқа табылуы мүмкін деп болжайды.

Осыған дейінгі табылған жәдігерлер

Солтүстік Қазақстанда палеолит дәуіріне тән мұралар сирек кездеседі.

  • 1940 жылы құдық қазу кезінде екі мамонттың азуы мен тас құралдар табылған.
  • 1960 жылдары Ясновка маңынан мамонт қаңқасы табылып, ол «Ясновский слон» атауына ие болған.
  • Бірнеше жыл бұрын Бәйтерек ауылының жанынан да мамонт сүйектері табылған.

Қазба жұмысы қажет

Археологтар бұл аймақта қазба жұмыстарын жүргізу керек екенін айтады.

«Керамика қалдықтары мен баспана іздеріндей ойықтар табылды. Бұл – арнайы зерттеуді қажет етеді. Белгі салып, қазу жұмыстарын бастау керек», – деді профессор Плешаков.