Мойынқұмнан Алматыға оқуға барған қыз мемлекетке 2,5 млн теңге қарыз болып қалды
Ол ауыл жастарына арналған грант бойынша білім алып, жолдама берілген жерде жұмыс істемей қойған

Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты Қаржы орталығының азаматша И-ға қатысты талап арызын қараған: Қаржы орталығы бойжеткеннен мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға кеткен шығынды өндіріп беруді талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бойжеткен кезінде республикалық бюджет қаражаты есебінен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ауыл жастарына арналған квота бойынша білім алған екен. Оның білімі үшін мемлекет 2,5 млн теңгеден астам қаржы бөлген.
«Заң бойынша осындай квотамен білім алған түлектер жолдама алған жері бойынша 3 жыл жұмыс істеуге не шығыстарды өтеуге міндетті. Ал, азаматша 2023 жылы университетті тәмамдағаннан кейін жұмыс орнына келмеген және Жұмыспен қамту орталығына барып тіркелмеген. Осыған байланысты «Қаржы орталығы» 2,5 млн теңге негізгі қарыз бен 666 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп беруді талап еткен», - деп хабарлады Жамбыл соттарының баспасөз қызметі.
Сотқа бойжеткеннің заңды өкілі келіп, олар негізгі қарыз сомасын ғана төлеуге келісетінін айтқан.
«Сот арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 2,5 млн. теңге мөлшерінде негізгі қарыз сомасын өндіріп берді. Алайда талап қоюшының уақтылы жүгінбеуін ескере отырып, тұрақсыздық айыбының мөлшерін 66 мың теңгеге дейін азайтты. Шешім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды дереккөз.