$ 541.18  636.05  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы басталды

Оның жолдасы Ерболат Жанабыловтың соты түстен кейін болады

Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы басталды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Оған «заңсыз лотерея қызметіне қатысу» дерегі бойынша айып тағылған. Бұл іс оның жұбайы Ерболат Жанабыловқа қатысты қозғалған іспен тікелей байланысты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Блогерлердің отбасын қорғап жүрген адвокат Олег Чернов сот процесіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Ерболат алғаш рет сот отырысына қатысып отыр. Әрине, оның қобалжуы заңды құбылыс. Кейбір сұрақтардың жауабын білмегендіктен, ыңғайсыз жауап беріп қалуы мүмкін. Бірақ судья айыпталушыдан өзі жауап бергісі келмейтін сұрақтарға мәжбүрлі түрде жауап талап етуі дұрыс емес», – деді адвокат.

Оның айтуынша, бүгінгі күні сотта екі бөлек іс қаралып жатыр.

«Таңертең Эльмираға қатысты сот процесі өтті, түстен кейін Ерболаттың ісі қаралады. Демек, бүгінгі күн түгелдей осы істерге арналмақ», – деп түсіндірді ол.

Адвокат Эльмираға тағылған айыптардың жұбайына қойылған айыппен ұқсас екенін атап өтті.

«Бүгінгі отырысқа Эльмираның өзі қатысады. Өткен жолы біз судьяға қатысты отвод (қарсылық білдіру) жасауға талпыныс жасадық. Бірақ оны соңына дейін жеткізуге мүмкіндік берілмеді. Сондықтан ол өтініш ресми түрде қаралған жоқ», – деді Чернов.

Сонымен қатар, қорғаушы Эльмираның ісін бүгін басқа судья қарайтынын айтты.

«Бұл судьямен бұған дейін жұмыс істеп көрмегенмін. Ал Ерболаттың ісін өткен жолғы сол судья қарайды», – деді ол.

Олег Чернов сот барысында заңсыз әрекеттер тіркелген жағдайда адвокат ретінде міндетті түрде шара қолданатынын қоса айтты.

«Біздің басты ұстанымымыз – олардың кінәсіз екенін дәлелдеу емес. Өйткені әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерде заң азаматты өзін-өзі айыптайтын мәлімет беруге міндеттемейді. Керісінше, кінәні дәлелдеу – мемлекеттік органның міндеті. Бұл процесс осыны көрсететін сынақ болуы тиіс», – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, бүгінгі отырыста басты назарға алынатын екі хаттама бар.

«Ерболатқа қатысты хаттамада бір сипаттама көрсетілсе, Эльмираға қатысты құжатта өзгеше жазылған. Яғни бастапқыда кеткен қателіктерін түсініп, кейіннен құжатты түзетуге тырысқаны байқалады. Мұның бәрін бүгін сот барысында көруге болады», – деді Олег Чернов.

Серіктес жаңалықтары