Ұлытау облысында ескі көліктің жүксалғыш бөлігінен 3 млн теңгенің есірткісі табылды
Тәркіленген заттың жалпы салмағы 15 келі болатын марихуана екені расталды

Полиция қызметкерлері Жезқазған – Қызылорда тас жолында көлікті тоқтатып, сату үшін басқа өңірлерден әкелінген ірі көлемдегі есірткіні анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері арнайы бөлімшелермен бірлесіп, «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Mercedes-190 көлігін тоқтатты.
Көліктің жүксалғышын тексеру кезінде газ жабдығының астынан скотчпен оралған екі целлофан қап табылды. Ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат шыққан.
Сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 15 келі болатын марихуана екенін растады. Тергеу мәліметінше, есірткі басқа өңірлерден әкелініп, кейін сату үшін жоспарланған.
«Қара нарықтағы» мұндай партияның бағасы шамамен 3 миллион теңгеге бағаланады.
Есірткіні сақтау және тасымалдау күдігімен 43 және 27 жастағы екі адам ұсталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция еске салады: есірткінің заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып саналады және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеледі», – делінген облыстық ПД хабарламасында.