Жылыту маусымына орай бірқатар міндет атқарылған
Батыс Қазақстан облысы соңғы жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Әсіресе, жылу жүйесін жаңарту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, қыс мезгілінде үйлерді үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Редакцияның сауалына жауап берген облыс әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылға бекітілген жылдық жоспарға сәйкес, облыс аумағында жылу желілерін қайта құру мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Биыл жалпы ұзындығы 5,5 шақырым болатын жылу құбырлары толықтай ауыстырылды. Бұл мақсатқа мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен 330,8 миллион теңге қаржы бөлініп, бөлінген қаражат тиімді игерілген.
«Жоспарланған жұмыстардың барлығы 100 пайыз орындалды. Бұл – облыс тұрғындары үшін үлкен жетістік, өйткені ескі құбырлардан туындайтын апаттық жағдайлардың алдын алу және жылуды тұтынушыларға үздіксіз жеткізу басты назарда тұр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы 5,625 км, ал 2024 жылы 6,712 км жылу құбыры жаңартылған болатын. Осы деректерден жыл сайын жаңғыртылатын құбырлардың ұзындығы тұрақты түрде артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл – өңірде жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүйелі жолға қойылғанының айқын дәлелі», - делінген хабарламада.
Мамандардың пікірінше, жылу жүйесін уақытылы жөндеу апаттық жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы болып отыр. Өйткені қысқы кезеңде құбыр жарылып, жылудың тоқтап қалуы мыңдаған тұрғынға қолайсыздық әкелуі мүмкін. Сондықтан да құбырларды жоспарлы түрде ауыстыру – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен энергия ресурстарын үнемді пайдалану үшін аса маңызды.