«Қазақтелеком» Каспий теңізінің асты арқылы кабель тарту үшін дайвер жалдайды
Бұл туралы компания басшысы жазды

Қазақстаннан Әзірбайжанға, Ақтаудан Сумгаитке дейін Каспий арқылы бірнеше жүз шақырым оптикалық кабель төсеу үшін «Қазақтелеком» компаниясы жұмысқа дайверлер жалдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің мәліметіне сүйенсек, кеме бара алмайтын тереңдікке осы дайверлер түсіп, зерттеу жүргізеді.
«Дайвер мен «Қазақтелекомның» бір-біріне қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Десе де, өз кәсібіміздің шекарасынан шығуға тура келіп тұр. Қазақстаннан Әзірбайжанға, Ақтаудан Сумгаитке дейін Каспий түбінде бірнеше жүз шақырым оптикалық кабель төсеу жобасы туралы білесіздер. Қазір Каспий түбін зерттеуді аяқтап жатырмыз. Негізгі зерттеу жұмыстарын арнайы құралдармен жабдықталған кемелер жасайжы. Ал кеме өте алмайтын жерде дайверлерге жүгінеміз, олар тереңдікті ROV роботының көмегімен зерттеп береді. Аквалангистер топырақты, теңіз түбінде жатқан заттар мен кабель төсеуге кедергілер бар-жоғын тексереді», - деп жазған Мусин.
Оның айтуынша, осы дайверлер қазір Каспий теңізінің жағасын зерттеп үлгерген, бірақ жұмыс әлі тоқтамаған.