Оқу орнына 2020-2021 жылға 800 грант бөлінген
Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
«Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайтын болады. Туристік бизнестің нақты қажеттілігі ескерілген университеттің 4 жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл олардың әлемнің кез-келген жерінде өз мамандығы бойынша еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Онда отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары мен туризм және сервис саласындағы алдыңғы қатарлы ірі компаниялардың ТОП-менеджерлері дәріс оқиды. Сондай-ақ, түлектер тәжірибесін БҰҰ Халықаралық туристік ұйымында (UNWTO) жетілдіретін болады», - делінген хабарламада.
Университет базасында біліктілікті арттыру орталығымен бірге IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыру, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін тіл орталығы жұмыс істейді. Туризм факультеттерінен басқа спорттық кафедралар да бар.
«Түркістан қаласындағы жаңа Халықаралық туризм университеті биылдан бастап талапкерлерді қабылдайды. 2020-2021 жылғы оқу жылына 800 грант бөлінген. Туризм мамандығына бейіндік пәні: география және шет тілі, ал ҰБТ шекті балы: 50. Денешынықтыру және спорт мамандығына шығармашылық емтихан, ҰБТ шекті балы 70», - делінген хабарламада.
Университетке құжат қабылдау ағымдағы жылдың 20 маусымы мен 7 шілде аралығында жүргізіледі. Шығармашылық емтихан 8 және 13 шілде аралығында өткізіледі. Қосымша ақпаратты www.tourism-university.kz сайтынан және 8778495-15-33, 87771926691 нөмірлеріне хабарласып алуға болады.