$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.06.2020, 12:28
Жаңалықтар

«Түркия, Грузия, Кипр»: Қазақстандық орта тап шетелден жылжымайтын мүлік алуды көбейткен

Сарапшылар пікірі мен нақты сандар   

«Түркия, Грузия, Кипр»: Қазақстандық орта тап шетелден жылжымайтын мүлік алуды көбейткен

Жақында Trend.az ақпараттық агенттігі қазақстандықтардың шет елдерден жылжымайтын мүліктер сатып алу белсенділігі артқанын жазды. Биылдың алғашқы үш айында Қазақстан азаматтары тек Түркиядан 211 жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 99 нысанға артық. Әзербайжандық БАҚ-қа бұл жайында Түркияның  мемлекеттік жер кадастры және жылжымайтын мүлікті сатып алу және сатумен айналысатын агенттігі хабарлаған. Қазақстан азаматтары 2020 жылдың наурыз айында ғана Кіші Азия түбегінде 72 жылжымайтын мүліктің жаңа иесі атанған. Бұл былтырғы наурызбен салыстырғанда екі есе көп.   

ОРТА ТАП ӨКІЛДЕРІ ДЕ ШЕТЕЛДЕН БАСПАНА АЛУҒА АСЫҒАДЫ

Azattyq Rýhy қазақстандық мамандарға осы деректердің растығын анықтау үшін сауалдар жолдаған. Қазақстан Біріккен риелторлар қауымдастығын басқаратын Лариса Степаненко шетелден үй сатып алу көрсеткішінің пандемияға байланысты төмендегенін айтты. Ол бұрнағы жылдардағы деректер мен өзге елден үй алғысы келетіндер санының неліктен артқанын түсіндірді.

Шетелден үй сатып алуға мүмкіндігі бар адамдар көбіне демалуға өзі жиі баратын аймақтарды таңдайды. Біздің азаматтар Түркия, Грузия, Солтүстік Кипр, БАӘ және Черногория мемлекеттеріне таңдау жасайды. Бұл бағыттарға бай-бағландар ғана емес, орта тап өкілдері де соңғы жылдары жиі қызығушылық танытады екен.

«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Алматыдан жылжымайтын мүлік сатып алатын адамның қаражатын ақтап алу мерзімі кейбір шетелдердеге қарағанда анағұрлым ұзақ.  Баға мен пайыздық мөлшерлеме де негізсіз қымбат. Басты себептердің бірі осы. Әсіресе Түркия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүліктерге қаражат салуға болады. Ал, Еуропа елдерінде Испания, Бельгия, Шығыс Еуропада Болгария, Чехия мен Черногория қазақстандықтар үшін қолайлы ұсыныстар жасайды», - дейді риелтор.

АЗАМАТТАР ЖИҒАН-ТЕРГЕНІН ЕЛДЕ ҰСТАУҒА ҚАУІПТЕНЕДІ

Халық нарықты зерттеп барып, қаржыны қайда салу керек екенін меңгеріп келеді. Қай аймақта құрылыс нарығы дамып жатыр, болашақта сұраныстан түспейтін жылжымайтын мүліктерді қайдан таңдауға болады деген сұрақтармен отандық риелторлдар да айналыса бастаған.

«Ескере кететін жайт: әлемнің танымал кей қалаларында құрылыс компаниялары шетелдік клиенттерге бағытталған бағдарламаларды бөлек ұсынады. Мысалы, баспанаға қаржыны бөліп төлеу жүйесі жұмыс істейді. Айталық, 20, 35 және 50 айға үстемақысыз бөліп төлейтін мүмкіндіктер бар.  Кейде олардың ұсыныстары қазақстандық компаниялар мен банктерге қарағанда анағұрлым төмен болады. Осыдан кейін көзіқарақты отандастырымыз шетелдік нарықты тартымды әрі қолайлы көреді. Демек, шетелден жылжымайтын мүлік сатып алу үрдісі қалыптасып келеді», - дейді Лариса Степаненко

Елден тыс құрылыс нарығына үлескер ретінде қаржы салудың негізгі себебі – қазақстандық қаржы нарығына деген сенімнің төмендеуінен туындап отыр. Азаматтар өз жиған-терген дүниесін елде ұстауға қауіптенеді. Бұл мемлекеттің жүргізіп отырған қаржы-экономикалық саясатының «жемісі» деп біледі Риелторлар қауымдастығының басшысы.

«Жасыратыны жоқ, қолындағы қаражатын отандық құрылысшылардың тұрғызған үйлеріне салуға қорқатын немесе қаржы нарығындағы тұрақсыздықтан сескеніп, шетелге алып кетуге асығатын тенденция қалыптасты. Ірі байлар онсыз да артық қаражатына әлемнің танымал астаналарынан жылжымайтын мүліктер алуға әуес. Ал орта тап өкілдерінің девальвация болса банктегі жинақ құнсызданады, сосын қайтемін деген үрейі қалыптасты.

Сол себепті құрылыс дүмпуін бастан кешіріп жатқан кейбір әлем елдеріне барып үй алуға тырысады. Мысалы, Грузия, Солтүстік Кипр елдерінде құрылыс қарқыны қатты. Бұл елдің кәсіпкерлері жекелеген инвесторлардың пәтерлер алуына ұтымды пакеттер ұсыну арқылы қызықтырады», - дейді жылжымайтын мүлік нарығының маманы.

Қазір пандемияға байланысты Еуропа ешкімге есігін ашпай отыр. Бірақ Түркия, Грузия жақында шекараларадағы шектеулерді алып, туризм бағытын қайта жандандырады. Бұл елдерде мамыр айының басында COVID-19 дертіне байланысты құрылысшыларға қойылған шектеулер алынып тасталған. Сондықтан риелторлер клиенттерге арналған мәліметтер базасын жасақтап, осы елдерден ұсыныстар күтіп отыр.

ОРТА ТАП ШЕТЕЛДЕН БАСПАНАНЫ ИПОТЕКАҒА АЛЫП ЖАТЫР 

Отандық жылжымайтын мүлік нарығының білікті маманы Нина Лукьяненко соңғы жылдары шетелдік нарықпен жұмыс істейтінін айтады. Қазақстандағы ORBI Group компаниясының ресми өкілі  Azattyq Rýhy-на қазақстандықтар қызығатын бағыттар бойынша баға сегменті туралы айтып берді.

Риелтор баспаналардың орташа құны мемлекеттерге байланысты құбылып отырады дейді. Түркияда қолжетімді апартаменттер 50 мың АҚШ долларынан басталады. Болгарияда - 15 мың АҚШ доллары, Солтүстік Кипрде - 40 мың АҚШ доллары. Ал Дубайда 250 мың АҚШ доллары - орташа баға.    

«Біздің компанияның клиенттері көбіне шетелден баспананы ипотекаға алуға тырысады. Курорттық аймақтарда көлемі 25-45 шаршы метр болатын пәтерлер сұранысқа ие. Жылдық мөлшерлемесі 9,5%, ал алдын ала төлем 10-30% аралығында болады. Алғашқы жарна шамамен 5 мың АҚШ долары мен 15 мың АҚШ доллары аралығындағы сома. Жоғарыда айтқан мемлекеттердің көбінде шетелдіктерге ипотеканы 5 жылдан артық мерзімге бермейтінін ескеру керек», - дейді Н.Лукьяненко.

Мамандардың сөзінше, жоғарыдағы мемлекеттер арасында инвестиция ретінде баспана алып қою үшін Грузия қолайлы, ал демалысқа арналған орындар мен баспана сатып алуға Тайланд, жинақтарды ұзақ мерзімге құнын жоғалтпай сақтау үшін Еуропа елдері (Германия мен Испания) және жаз мезгілінде барып тұру үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға Түркия ыңғайлы.

Десе де, бізге сұқбат берген сарапшылар мұның барлығы адамдардың әлеуметтік мәртебесі мен қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты екенін ескертеді. Осы қадамға мақсатты түрде баратын отандастырымыз Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Түркия, ТМД елдерінде Грузия мен Әзербайжан, Ресейді таңдайды. Нақты осы мемлекеттерде жылдық мөлшерлемесі 2-4% көлемінде ұзақ мерзімге баспана алуға болады.

ГРУЗИЯДА ЖАСЫРЫН ШЫҒЫНДАР ЖОҚ, БАСПАНА САЛЫҒЫ ӨТЕ АРЗАН

Грузия құбылысы туралы айтпай кетуге болмайды. Себебі, бұл мемлекеттегі оң өзгерістер соңғы жылдары ТМД кеңістігіндегі елдердің түсіне ғана кіретін жаңашылдығымен ерекше. Нина Лукьяненконың айтуынша, Гүржістан – бизнестің, демалыстың және инвестиция салуға қолайлы мемлекет. Қауіпсіздік тұрғысынан әлемде үздік 10 елдің бірі. Тілге қатысты қақпайлау жоқ. Баспананы рәсімдеу кезінде жасырын шығындар болмайды және баспана салығы өте арзан. Сондықтан қазақстандықтар арасында бұл бағытқа қызығушылық жоғары көрінеді.

«Кез келген қаладан ұнаған баспананы сатып алуға болады. Бірақ сатып алушылар демалыс аймақтарына жақын, шипажайы, теңіз-көлі, ауасы таза, таулы және емдік сулары бар аймақтарға ұмтылады. Ал біздің отандастар теңіз жағалауына жақын орналасқан Батуми өңірінен үйлер сатып алып жатыр. Мұнда жылжымайтын мүлік құны 25 мың АҚШ долларынан басталады. Орналасуына қарай, нысанның ішкі-сыртқы әрлеуіне байланысты грузиндер «қара каркас» немесе «ақ каркас» деп сатады. Бағасы да жөндеуіне қарай құбылмалы»,- дейді Н. Лукьяненко.

ORBI GROUP дерегінше, Грузиядан қазақстандықтарға қанша баспана сатылғаны туралы нақты сандар жоқ. Бірақ Грузиядағы ең ірі құрылыс кәсіпорнынан жерлестеріміз жылжымайтын мүлікті жаппай сатып алып жатқанын жоққа шығармайды. Былтыр Қазақстан азаматтары сатып алушылық жөнінен Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға жайғасқан.   

«Бағаның қолайлылығын ескерсек, 5 жұлдызды қонақүйден нөмір сатып алу үшін шетелдік азаматта 40 мың АҚШ доллары болса жетеді. Іші жақсы әрленген, жиһаздары сәнді, тұрмыстық техникасы да арзан емес. Бұл орташа табысты адамдар үшін қолжетімді баға. Соңғы жылдары алғашқы жарнасын 10% төлеп, бөліп сатып алуға да келушілер ден қойып жатыр. Артық қаражаты болмаса да баспаналы болу арман емес. Қазақстандық сатып алушылар арасынан табысы тұрақты жеке кәсіпкерлер, жалақысы жоғары квазимемлекеттік сектор мамандары мен топ-менеджерлерді көреміз. Тіпті, Грузиядан үй алғысы келетіндер арасынан студенттер мен зейнеткерлер де кездеседі»,- дейді жылжымайтын мүлік компаниясының өкілі.

Оқи отырыңыз: Грузия туристерді қабылдауға дайын, Түркия жуырда мәлімдеме жасайды

Әлем елдерінің ішінде Грузия алғашқылардың бірі болып шетелдік туристер үшін шекараны ашуға дайын екенін мамыр айында мәлімдеді. Өткен жылы 8 млн турист қабылдаған елдің ІЖӨ-нің едәуір бөлігі осы туризмнен құралады. Сондықтан Гүржістан үкіметі COVID-19-ға байланысты шектеулерге қарамастан енді бір аптадан соң шетелдіктерді қабылдай бастайды. Грузия вирусты жұқтырғандар саны жағынан ең төменгі көрсеткішке ие. Қазақстандықтар Тбилиси және Батуми бағыты бойынша жолға қамдана берсе болады. Жақында Алматы – Батуми бағыты бойынша да жаңа әуе рейсі іске қосылады. Ары-бері ұшу бағасы – 123 мың теңге. Бұл – көптеген жерлесімізге денсаулығын нығайтып, күн мен Қара теңіз суының емдік қасиетін сезінуге жасалған мүмкіндік.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары