Ауруханаға түскен науқастардың бірінің жағдайы ауыр болған. Вирус оның ағзасына айтарлықтай әсер еткен
Павлодар облысында қоян безгегін жұқтырған екі бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Олардың бірі бұл ауруды шілде айының соңында жұқтырыпты. Кішкентай науқас безгектің жеңіл түрімен ауырып, бір аптадан кейін емделіп шыққан.
Ал дәл осындай диагнозбен жансақтау бөліміне жеткізілген төрт жасар баланың жағдайы тіпті ауыр болған. Дәрігерлер оның ауруы асқынып кете жаздағанын айтады. Өйткені келіп түскен қыз баланың көзі ісіп, іші іріңдеп кеткен дейді. Қажетті емін алған бүлдіршіннің жағдайы жақсара бастаған. Дәрігерлер беті бері қараған науқасты бірер күнде инфекциялық стационардан бейінді бөлімшеге ауыстырады.
«Екінші баланың жағдайы ауыр болды. Вирус оның ағзасына айтарлықтай әсер еткен. Әсіресе іш құрылысы мен өкпесіне зақым келген. Қазір оның жағдайы тұрақталды. Екі науқастың арасында өзара байланыс болмаған. Қазір жұқпалы ауру тарап кетпес үшін онымен байланысқан барлық адам тексеріліп жатыр», - дейді Павлодар облысы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Әсел Байғанова.