ҰБТ-2020: Тестілеудің алғашқы күні 39 түлек жоғары балл жинады
1900-ден аса түлек шекті балдан өтпей қалды
2020 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде 1964 бала шекті балдан өтпей қалған. Тура шекті балл жинаған түлектердің саны - 4222. Бұл туралы бүгін Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлім етті.
«ҰБТ-ның бірінші күнгі қорытындысына тоқталсақ, шекті балды жинағандар 4222 бала, бұл тестілеуге қатысқан барлық түлектің 68,3%-ы. Шекті балды жинай алмағандардың саны 1964 бала. Жалпы, 39 түлек 130 баллдан артық ұпай жинады», - деп хабарлады ол.
Егер кеше тест тапсырған түлектер арасында жүйеден қате кетіп, ұпайым азайып қалды дегендер болса, бүгін түскі сағат 13.00-ге дейін жергілікті комиссияға апелляция жасай алады.
«Егер олардың өтінішін жергілікті комиссия қанағаттандырса, республикалық комиссияға жүгінбейді», - деп түсіндірді Дидарбекова.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан