Орманға саңырауқұлақ теруге шыққан зейнеткер адасып кетті
Полицейлер мен құтқарушылар әжейді қысқа мерзімде тауып, келеңсіз жағдайдың алдын алды

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер мен құтқарушылар саңырауқұлақ теруге шығып, орманда адасып кеткен 71 жастағы зейнеткерді тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
9 қыркүйекке қараған түні Ұлан ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 1953 жылғы әйелдің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен.
«Әйел адам саңырауқұлақ теріп жүріп, Ұлан ауданы Белая гора ауылының шетінде адасып кеткен екен. Дереу оқиға орнына жедел тергеу тобы, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары Қабдуалиев Тимур мен Рамазанов Олжас жіберілді», - деп жазылған хабарламада.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен орман шаруашылығының жұмысшылары да қосылды. Іздеу шараларының тиімділігін арттыру үшін топтарға бөлініп, арнайы құрал — жылуіздегіш қолданылды. Бұл жоғалған адамды тезірек табуға мүмкіндік берді.
«Үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде саңырауқұлақ теруші Белая гора ауылының шетіне жақын орналасқан Көк-Терек аумағынан табылды. Әйел адамның жоғалған жері анықталған соң, ол аман-есен үйіне жеткізілді», - дейді полицейдер.
Оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Полицейлер мен құтқарушылар әжейді қысқа мерзімде тауып, келеңсіз жағдайдың алдын алды.