Ол бұған дәрігерлерді кінәлап отыр
Талдықорған тұрғыны Айшат Аязова перзентханада кесарь тілігі арқылы босанған. Өкінішке қарай, арты асқынып, дәрігерлер оның келісімін алмастан, жатырын ампутациялап тастаған көрінеді. Бұл туралы ол threаds әлеуметтік желісінде жариялады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Аязованың айтуынша, оқиға 2024 жылдың 27 қазанында болған. Ол кесарь тілігінен кейін іші қатты ауырғанын айтып дәрігерлерге шағымданған, алайда дәрігерлер бұл жағдайды қалыпты деп түсіндірген.
«Үш күннен кейін мені жансақтау бөліміне ауыстырды. Отадан кейін қойылуы тиіс арнайы сұйықтық пакеті маған мүлде қойылмаған. Бірнеше апта бойы тексерулер жүргізілгенімен, ауырсынудың себебі анықталмаған. Екі мәрте ота жасап, жағдайым неге нашарлап бара жатқанына себеп таппады», - деді Айшат Аязова.
Жәбірленушінің айтуынша, жарадан сары сұйықтық шыға бастаған соң, дәрігерлер көпбейінді ауруханадан проктолог шақыртып, ол отаға дайындау керегін айтыпты.
«Ота 9 сағатқа созылды. Келісімімсіз жатырды алып тастап, кейін илеостома қойылды. Бір айға жуық жансақтау бөлімінде ашық жарамен жаттым, тігілмеді. Перзентханада өле жаздадым, жатырымды келісімсіз алып тастады», – дейді ол.
Редакция мәселеге қатысты Жетісу облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады.