Петропавлда дәрігерлер науқастарға арналған тегін дәріні өздері алып отырған

Автор: Azattyq Rýhy

Петропавлда түрлі созылмалы ауруға шалдыққандар үшін мемлекеттен тегін берілетін дәрі-дәрмек науқастарға жетпеген. Бұл сорақылықты прокуратура үш емхананы тексерген кезде анықтады, деп жазады ktk.kz

Фото: ашық дереккөзден

Дәрігерлер заң бойынша тиісті санаттағы науқастарға тегін берілуі тиіс 14 түрлі дәрі-дәрмекті науқастардың сыртынан рецепт жазып, өздері алып отырған. Қант диабетімен ауыратындарға және жүрек-қан тамырлары аурулары мен қан қысымы жоғары науқастарға арналған таблеткалар мен инъекциялық дәрілер, тіпті, қант мөлшерін тексеретін тест таяқшасы мен өлшем құралдары да науқастарға жетпеген.

Прокурорлар тексеріс кезінде бір науқасқа 1 миллион 300 мың теңгегеге дейін рецепт жазылғанын анықтады. Заңсыз әрекеттері үшін 11 медицина қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

«Рецепт пациенттің өзіне жазылып, дәрі-дәрмекті ол өзі барып алуы тиіс. Бұл мемлекеттен арнайы санаттағы науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілер», - дейді Петропавл қаласының прокуроры Асхат Ауқатов.