$ 538.2  629.64  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өскемен тұрғыны танысын өлтіріп, пәтерін өртеп кеткен: сот үкімі шықты

Сот алқабилердің қатысуымен өтті

Өскемен тұрғыны танысын өлтіріп, пәтерін өртеп кеткен: сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен кісі өлтіру, бөтен мүлікті өрт қою арқылы қасақана жою, ұрлық туралы қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды

Сот биыл 21 сәуірде Өскемен қаласында Д. мас күйінде жәбірленушінің пәтерінде оның кеуде тұсынан пышақпен бірнеше рет ұрып өлтіргенін анықтады.

«Қылмыс жасағаннан кейін сотталушы сол пәтердегі танысы Б.-ны оятып, адам өлтіргенін айтқан. Әйел ер адамның қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін оқиға орнынан кетіп қалған, құқық қорғау органдарына хабарламаған.

«Д. марқұмның қалтасынан кілтін алып, сол пәтерден теледидар ұрлап кеткен, кейін оны бөгде адамдарға сатып, түскен ақшаға ішімдік сатып алған. Арақ ішкеннен кейін Д. жәбірленушінің пәтеріне қайта оралып, оны өртеп, есікті жауып, қылмыс болған жерден бой тасалаған. Өрт шыққан пәтерге келген өрт сөндірушілер есікті бұзып ашып, өртті сөндіріп, ішінен пышақ жарақатын алған жәбірленушінің мәйітін алып шыққан», - деп жазылған хабарламада.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор Д.-ге 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді, Б.-ға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, рақымшылық жасап, жазасын 2 жыл 6 айға қысқартуды сұрады.

Д. ұрлық, адам өлтіру және өрт қою бойынша кінәсін мойындамады, ал Б. айыбын толық мойындап, өкінгенін жеткізді.

Сот шешім шығарды

Іс алқабилердің қатысуымен қаралып, үкім шығарылғанға дейін айыптау және қорғау тараптары ұсынған барлық дәлел мұқият зерттелді.

Алқабилердің шешімі бойынша Д. кісі өлтіру, бөтен мүлікті өрт қою арқылы қасақана жою, ұрлық бойынша кінәлі деп танылды. Д.-ға түпкілікті жаза ретінде орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жәбірленуші – марқұмның анасының азаматтық арызы бойынша моральдық зиянды өтеу толық көлемде қанағаттандырылды.

Б. Аса ауыр қылмысты хабарламау бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. «Конституцияның отыз жылдығына  байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде жазасының үштен бір бөлігі қысқартылды, ол енді 1 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары