Семей тұрғыны темекі шегемін деп ажал құша жаздады
ТЖМ қызметкерлері өрттен зардап шеккен адамды құтқарды

Семей қаласында бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше қою түтін басқан пәтерден өрт сөндірушілер 1990 жылы туған пәтер иесін алып шықты. Сондай-ақ көрші пәтерден 2 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады.
«Улы газдан уланған ер адам медициналық мекемеге жатқызылды. Өрттің алдын ала себебі - төсекте темекі шегу», - деп жазылған хабарлама.
ТЖМ еске салады:
- мас кезде темекі шекпеңіз;
- төсекте темекі шекпеңіз;
- өшпеген темекіні қалдырмаңыз.
Еске сала кетейік, Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда темекі шегушілер қатары азайғанын мәлімдеді. Сауалнама Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Оған 15 жастан асқан 12 000 үй шаруашылығының бір мүшесі қатысты.
Зерттеу нәтижесі бойынша, тексерілген азаматтардың 17,5%-ы қазіргі уақытта темекі шегетінін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 20,7% болғанын ескерсек, темекі шегушілердің саны азайып отырғаны байқалады.
- Ауылдық жерлерде темекі тұтынатындар үлесі — 19,1%,
- Қалалық жерлерде — 16,7%.