Тоқаев: Қазірден бастап екінші, тіпті үшінші АЭС салуды жоспарлауға кірісуіміз қажет

Автор: Асыл Арман

Ол Си Цзиньпинмен атом саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге келгенін айтып өтті

Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында Қазақстанда тағы бірнеше АЭС салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сөзінде ядролық энергетиканы дамыту маңызды болып есептелетінін айрықша атап өтті.

«Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом станциясының жобасы «Росатоммен» әріптестік бойынша жүзеге асыру басталды. Экономика тұрақты түрде өсуі үшін бұл жеткіліксіз. Біз қазірден бастап екінші, тіпті үшінші атом электр станциясын салуды жоспарлауға кірісуіміз қажет.

Жуырда ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде біздің елдер арасындағы атом саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге келдік. Қазақстан энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатына сәйкес, әлемдік компаниялардың барлығымен өзара тиімді негізде ынтымақтастыққа дайын», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, Қазақстанда көмір энергетикасын дамыту мәселесіне айрықша тоқталып өтті

«Еліміздегі сапасы жоғары көмір қорының молдығын ескере отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте оның экологиялық тазалығын қамтамасыз ететін озық технологияларды қолдану маңызды. Табиғи артықшылықтарымызды ел дамуының игілігіне жарата білуіміз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.