Шымкентте ер адам 50-ден аса адамды алдап, ақшасын қағып алғаннан кейін Түркияға қашып кеткен

Автор: Асыл Арман

Ірі көлемдегі алаяқтық бойынша күдікті Түркиядан қайтарылды

Фото: Бас прокуратура/Видеодан скрин

Қазақстанда ондаған адамды алдап, ірі көлемде ақшаларын қолды еткен күдікті Түркияға қашып кеткен. Оны Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің және Түркия Республикасының құзыретті органдарының көмегімен елге қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол 2023 жылы Шымкент қаласында өзге адамдармен алдын ала сөз байласып, интернет-алаңда нарықтық бағадан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар жариялаған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 52 жәбірленуші жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам қаражаттан айырылды.

Аталған қылмыстың қатысушылары бұрын жазаның әртүрлі түрлеріне сотталған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынғанына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланып, осы жылдың тамыз айында Түркия аумағында ұсталды.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қылмыс жасаған тұлғаларды, олар қай елде жүргеніне қарамастан, жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады», – делінген прокуратура хабарламасында.