Павлодарлықтарға үйден шықпауға кеңес берілді
Қалада ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр

Павлодарда ауқымды дезинфекция жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қала тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар қаласы әкімдігінің хабарлауынша, кеше ауқымды дезинфекция қаланың солтүстік бөлігінде жүргізілген, ал бүгін оңтүстік бөлігін қамтып отыр.
«Жұмыс күні бойы жүргізіледі. Дезинфекция Назарбаев даңғылы мен Торайғыров - Нұрмағамбетов - Қамзин көшелерінің аумағында жүргізіледі, Толстой көшесі де қамтылады. Қала тұрғындарын себепсіз үйден шықпауды сұраймыз», - дейді қалалық әкімдіктің қызметкерлері.
Қала әкімдігінің мәліметінше, дезинфекцияға 140 маман жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 6 тонна натрий гипохлориті дайындалған.
Айта кетейік, елімізде коронавирусты жұқтырға өсімі жоғары 5 қалада карантин режимі екі күнге күшейтілді. Тізімге Павлодар мен Екібастұз қалалары кірді.