Қазақстанда сиыр еті жеткілікті: алаңдауға себеп жоқ – АШМ
Министрлік экспортқа толық тыйым салған жоқ

Қазақстанда сиыр еті жеткілікті, экспорт квота аясында сақталады деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сиыр етін экспорттауға енгізілген квота тетігі қазақстандық шаруаларға қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде сыртқы жеткізілімдерді жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте экспортқа толық тыйым салынған жоқ», - деп жазылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мұндай шешімді ведомствоаралық комиссия теңгерімді әрі ұтымды шара ретінде қабылдады.
Сиыр еті тапшылығы жоқ
Жыл соңына дейін жеткізуге қатысты қолданыстағы келісімшарттары бар экспорттаушылар өз міндеттемелерін орындауды жалғастыра алады. Бұл шетелдік өткізу нарықтарын сақтап қалуға, жеткізілімдердің үзілуіне жол бермеуге және Қазақстанның сенімді жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Осыған байланысты ерекше атап өтер жайт: алаңдауға себеп жоқ – экспорт жоспарлы режимде жалғасады. Елде сиыр еті тапшылығы жоқ. Бүгінде ірі қара мал басы 8,7 млн басқа жетіп, оның ішінде 4,5 млн сиыр тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық. Төл алу көлемі де айтарлықтай өсіп, 2,7 млн бұзауға жетті (өсім 17,9%). Бұл көрсеткіштер өндіріс көлемін одан әрі арттыруға негіз қалайды», - дейді маммандар.
Жеңілдетілген несие беріліп жатыр
1 тамыздан бастап айналым қаражатын толықтыру үшін бордақылауға арналған мал сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл шара әсіресе шағын шаруашылықтар үшін маңызды, себебі олардың мал басын көбейтуге ынталандырады.
«Сонымен қатар бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсырылған әр килограмм ірі қара үшін 300 теңгеге дейінгі көтерілген субсидия нормасы өндірістің өсуіне қосымша серпін береді», - дейді ведомство.
Австралиялық технология бойынша ет кластерлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – бордақылау, сұрыптау және экспортқа шығару бойынша заманауи тәсіл, ол вертикальды интеграцияланған шаруашылықтардың қалыптасуын қамтамасыз етеді. Өткен жылы пилоттық жоба аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Биыл да 11,7 млрд теңгеге 4 жоба қолдау тапты.