Қарағанды облысында 7 айда 2,7 трлн теңгенің өнімі өндірілді
Қарағанды облысы оң экономикалық нәтижелерге қол жеткізіп отыр

Қарағанды облысы өндіріс көлемін арттыру арқылы тұрақты экономикалық өсім көрсетіп отыр. Өнеркәсіп пен өңдеу секторына басымдық берудің нәтижесінде өңір еліміздегі жетекші аймақтардың қатарында қалып, жыл басынан бері 2,7 трлн теңгенің өнімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысы президент жолдауында көрсетілген стратегиялық басымдықтарға сай жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып, оң экономикалық нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді. Оның ішінде негізгі үлес өнеркәсіп пен өңдеу секторына тиесілі.
Облыс өндіру көлемі бойынша аймақтар арасында көш бастап тұр. Мәселен, өткен жылы 3 триллион теңгеден астам өнім өндірілді. Бұл өңірде өндірілетін жалпы өнімнің 35%-ын құрайды.
Өңірде барлық кокстелетін көмірдің, энергетикалық көмірдің 1/3, түсті және бағалы металдардың басым бөлігі, сондай-ақ 100% жалпақ илек өндіріледі. Бұл – аймақтың және жалпы елдің өнеркәсіптік қуатының негізі.
Бизнес белсенділігі артып, инвестициялар тарту барысында аймақтық ЖІӨ бойынша Қарағанды облысы 4-орынды иеленді (ЖІӨ-дегі ЖӨӨ 6,6%).
Өткен жылы экономикалық өсу қарқыны 8,8% жетті. Бұл көрсеткіш әлі де сақталып отыр. Өңір экономикасының 40%-дан астамын өнеркәсіптік сектор құрайды.
Облыста 941 өндіріс орны жұмыс істейді (838-і шағын, 67-і орта, 36-сы ірі). Биыл 7 айда 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7,3%-ды құрады.