Футбол командалары алдын ала келісіп алып ойнай ма: Спорт комитеті түсініктеме берді

Автор: Асыл Арман

Туризм және спорт министрлігі келісілген матчтарға қатысты пікір білдірді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ұлттық турнирлердегі мүмкін болған келісілген матчтарға қатысты ресми сауалына жауап берді.

Келісілген матчтар туралы

Нұрлан Есембаевтың айтуынша, комитеттің қолында Қазақстандағы жарыстарда келісілген матчтардың барын растайтын құжатпен бекітілген мәлімет жоқ.

«Комитетте ұлттық жарыстарда келісілген матчтардың барын дәлелдейтін ресми және құжатпен расталған ақпарат жоқ. БАҚ-тағы жекелеген пікірлер ресми қорытынды жасауға негіз бола алмайды. Мұндай мәселелерді тек спорт федерациялары мен құқық қорғау органдары ғана тексере алады», – деді ол.

Анықталған жағдайлар бойынша

Комитеттің тергеу жүргізу немесе процессуалдық қудалау құқығы жоқ. Алайда құзырлы органдардан немесе халықаралық спорт ұйымдарынан ресми деректер түскен жағдайда комитет мүдделі тараптармен бірлесіп әрекет етуге дайын.

«Бүгінгі күнге дейін комитетке келісілген матчтарға қатысты дәлелдермен бірге ресми ақпарат түскен жоқ», – деп толықтырды Есембаев.

Қолданылып жатқан шаралар

Комитет өз құзыреті аясында федерацияларға ескертулер жолдайды, мемлекеттік қолдау алатын спорт клубтарының қызметін бақылайды және заңбұзушылық белгілері байқалған жағдайда жоғары органдарға хабарлайды. Дегенмен, спортшыларды шеттету, жарыстарға қатысуға тыйым салу сияқты тәртіптік шешімдер федерациялар мен құқық қорғау органдарының құзырында.

Алдағы жоспарлар

Нұрлан Есембаевтың айтуынша, комитет спорттағы ашықтық пен адалдықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Алдағы басты шараларға федерациялармен бірлескен әрекеттер, спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған оқу бағдарламалары, цифрлық бақылау құралдарын дамыту және спорттағы жемқорлыққа қарсы халықаралық ұйымдармен әріптестік жатады.

«Футболдан бөлек өзге спорт түрлеріне де ерекше назар аударылады. Спорт саласындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселесіне мән бергендеріңізге алғыс білдіреміз. Комитет заң аясында әріптестікке дайын», – деп түйіндеді ол.