Көпшілік орында арақ ішіп алып, елдің мазасын алған: Ақмола облысында ондаған адам ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Демалыс күндері Көкшетауда 700-ге жуық өтініш тіркелді

Фото: istockphoto.com

Өткен демалыста Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының барлық аумағында тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Үш күн ішінде облыс орталығында ғана 700-ге жуық азаматтық өтініш қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мас адамдарды бейімдеу орталығына жеткізді

Рейдтер мен патрульдеу барысында қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, азаматтарға агрессия танытқан 26 адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.

Басты заңбұзушылықтар мыналар болды:

  • қоғамдық орындарда алкоголь ішу;
  • мас күйінде қоғамдық аймақтарда жүру;
  • тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзу.

Полицейлердің түсіндірмесі

«Маскүнемдік әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көбіне құқық бұзушылықтар, жол-көлік апаттары және түрлі жазатайым оқиғалар алкогольдік мас күйімен байланысты. Сондықтан біз бұл бағыттағы профилактикалық шараларды күшейтеміз», – деді тәртіп сақшылары.

Көкшетауда тұрғын үйлердің бірінің ауласында туған күн тойлаған жастар қатты шулап, тұрғындарға кедергі келтірген. 25 жастағы азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл – тіркелген көптеген ұқсас жағдайлардың бірі ғана.

Қоғамдық қауіпсіздікке 1500 полиция жұмылдырылды

Үш күндік күшейтілген режимде Ақмола облысы бойынша барлығы 1500-ге жуық полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.