Әскерде жүріп, мүгедек болып қалған: Ербаян Мұхтарға қатысты министрлік тың ақпарат шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол Ішкі істер министрлігінің арнайы бортымен Түркияға жеткізілді

Фото: Instagram/erbayan2024

Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы әскери қызметін өткеру кезінде ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған ҚР Ұлттық ұланының бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың Түркияға емделуге жіберілгені туралы мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Комиссияның жұмыс органының шешімімен нейромодуляторлық ем жүргізу және пациенттің соматикалық мәртебесін сақтау үшін Medipol Global клиникасына (Түркия) емделуге Мұхтар Ербаянды жіберу мақұлданды», - делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстанда Ербаян Мұхтар Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында және Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ем алған болатын. 2024 жылдың тамызынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін отбасының қолдауымен Түркияда қалпына келтіру емінен өтті. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандардың бақылауында болды және үйде медициналық көмек алды.

«Пациентті Астанадан Ыстамбұлға тасымалдау ҚР Ішкі істер министрлігінің бортында, ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының мобильдік бригадасының медициналық сүйемелдеуімен жүзеге асырылды. Келгеннен кейін пациентті клиника өкілдері қарсы алды. Пациенттің жағдайы тұрақты, трахеостомияда», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.