Марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің қызы 1-сыныпқа барды (ВИДЕО)
Батырдың қызын әріптестері алғашқы қоңырауға алып барды

Марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің қызы 1-сыныпқа барды. Батырдың қызын әріптестері алғашқы қоңырауға алып барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осылайша елордалық ТЖД қызметкерлері өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің қызын мектеп табалдырығын аттаған алғашқы қадамымен құттықтады.
«Алғашқы қоңыраудан кейін батырдың отбасы білім ордасынан шығып, Асқар Забикулиннің есімі берілген өрт сөндіру бөліміне барып, батырдың ескерткішіне тағзым етті және еске алу бұрышымен танысты.
Батырдың ұрпағына көрсетілген қамқорлық – бұл ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Асқар Забикулиннің рухына көрсетілген құрмет», – делінген қалалық ТЖД хабарламасында.
Айта кетейік, өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылғы 16 қараша күні Астанада өртке оранған үш бөлмелі пәтердің тұрғындарын құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауыр халде ауруханаға түсіп, 20 қараша күні көз жұмды. Президенттің Жарлығымен Асқар қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.