Ақтауда өткен түнде жер сілкінісі болды

Автор: Асыл Арман

Куәгерлердің айтуынша, түнгі сағат бірге таяу үйлерде шамдар мен жиһаздар қозғала бастаған

Фото: istockphoto.com

Ақтау тұрғындары 27 тамызға қараған түні жерасты дүмпулерін сезді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, түнгі сағат бірге таяу үйлерде шамдар мен жиһаздар қозғала бастаған.

«Басында басым айналып тұр деп ойладым, кейін шамның теңселіп тұрғанын байқадым», – дейді қала тұрғыны.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның болғанын растады. Ведомство мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақытпен 01:33-те тіркелген.

«Эпицентрі Каспий теңізінің акваториясында, Ақтаудан шамамен 271 шақырым жерде орналасқан. Магнитудасы – 5,2, тереңдігі – 15 шақырым (координаттары: 42°925 солтүстік ендік, 48°756 шығыс бойлық)», – деп нақтылады ТЖД.

Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Құтқарушылар жағдайды бақылауда ұстап отыр.