АҚШ-та БТА банкінің ісіне байланысты Храпуновтың ұлы кінәлі деп танылды
Сотты құрметтемеуіне байланысты шешім шықты

АҚШ-та Нью-Йорктың Оңтүстік округі бойынша Округтік соты 2025 жылғы 6 тамызда Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы – Ильяс Храпуновты сотқа құрмет көрсетпегені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Дәлелдер қаралған тыңдаудан кейін сот талапкерлер – Алматы қаласы мен «БТА Банк» АҚ пайдасына шешім шығарды.
«Бұған дейінгі 221 285,31 АҚШ долларын төлеу жөніндегі міндеттеме туралы сот шешіміне қосымша ретінде Федералдық судья Джон Г.Кёлтл Храпуновтың өз активтері туралы тұрақты есеп беруді міндеттеген соттың нақты әрі айқын бұйрығын бұзғанын анықтады. Мұндай есеп беруді қамтамасыз ету міндеті оған бұрынғы сотқа құрмет көрсетпеу туралы шешімінен кейін жүктелген болатын», – делінген ҚР Әділет министрлігінің хабарламасында.
Жаңа шешімге сәйкес, Ильяс Храпунов сот шешімдерін орындау үшін қаражат табуға бағытталған әрекеттері мен активтері туралы толық мәліметті тұрақты түрде ұсынуға міндеттелді. Бұл талап орындалмаған жағдайда оған қосымша қаржылық санкциялар қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Ильяс Храпунов сотты құрметтемеуіне байланысты Алматы қаласы мен БТА Банкке келтірілген шығындарды да өтейтін болды.