Алматы тауларында туристер адасып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Құтқарушылар оларды тауып, таудан Шымбұлаққа дейін аман-есен түсірді

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Алматы тауларында адасқан 4 адамды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«26 тамызда Алматы қаласы ТЖД-нің 112 пультіне «Башута» шыңынан түскен кезде 4 адамнан тұратын топтың адасқаны туралы ақпарат келіп түсті», - деп жазылған хабарламада.

Құтқарушылар таулы жермен 5 км қашықтықты жүріп өтіп, теңіз деңгейінен 3 мыңнан астам метр биіктікте адасқандарды тауып, оларды таудан Шымбұлаққа дейін аман-есен түсірді.

Медициналық көмекті қажет етпеген туристер құтқарушыларға алғыс білдірді.

ТЖМ тауға шыққан кезде маршрутты зерттеп, жақын адамдарға хабарлап, ауа райы болжамын тексеріп, байланыс құралдарын бірге алудың қажеттігін еске салды.

Еске сала кетейік, Аягөзде ресейлік туристер балаларын жоғалтып алған болатын. Қазақстанда демалып жүрген Ресей Федерациясынан келген отбасы жолай Аягөз қаласына аялдаған. Сол сәтте балалар әжесімен бірге көліктен түсіп, жақын маңдағы көпқабатты үйдің ауласына ойнауға кеткен. 

Тәртіп сақшылары Ақтамберді көшесі бойындағы бірнеше ауланы мұқият қарап шығып, көп ұзамай балаларды көрші аулардың бірінен аман-есен тапты.