Астанада қала тұрғыны мен полицейлер қарияны телефон алаяқтарынан құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше көшеде жүрген ер адам қарияның телефон арқылы белгісіз біреулерге ақша жібермек болғанын байқап қалған. Ол күдіктеніп, дереу полицияға хабар берген.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкері Ұлықбек Жұмағұлов телефонның ар жағындағы алаяқтармен сөйлесіп, олардың заңсыз әрекетін тоқтатты», - деп жазылған хабарламада.
Осылайша қала тұрғынының қырағылығы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында телефон алаяқтарына тосқауыл қойылып, қарияға көмек көрсетілді.
«Жағдайды толық анықтау үшін қария полиция бөліміне жеткізілді. Ал оқиғаға бейжай қарамаған қала тұрғынына тәртіп сақшылары қырағылығы үшін алғыс білдірді», - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласу қажеттігін еске салды.