65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жаңғыртылады
Алматыда UEFA-ның стандарттарына сай келетін, 35 мың адамға арналған стадион салынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала әкімдігінің мәліметінше, әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында халықаралық деңгейдегі заманауи стадионның жобасымен танысты.
Жаңа арена 35 мың көрерменге есептеліп, UEFA-ның 4-санат талаптарына сай келеді.
Жоба аясында жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс орындары, заманауи қауіпсіздік жүйелері және аумақты абаттандыру қарастырылған.
Стадион Құлжа мен Талғар тасжолдарының арасында, аумағы шамамен 15 гектар жерде салынады. Бұл аумақ болашақта қала үшін көлік-логистикалық хабқа айналып, көрермендер мен қонақтарға барынша ыңғайлы жағдай жасамақ.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмысты жеделдетуіміз қажет. Келер жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталуы тиіс», – деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, 65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымы ескеріле отырып жаңғыртылады. Ол Алматы спорт тарихының бір бөлігі болып қала бермек.