«Мұндайды ешкім күтпеді»: Атырауда автосалон тұрғындарды тақырға отырғызып кетті
Автосалон клиенттерді көлікті «сатуға қоюға» көндіріп, он күн ішінде толық соманы қайтарамыз деп сендірген

Атыраудағы «Абырой Автоға» адамдар өз көлігін сеніп тапсырған. Олар «ақшаны тез аламыз» деп ойлаған. Бірақ көліктері қайта сатылып кетіп, өздері дымсыз қалды. Соңында қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Уәде орындалмады
Автосалон клиенттерді көлікті «сатуға қоюға» көндіріп, он күн ішінде толық соманы қайтарамыз деп сендірген. Алайда іс жүзінде көліктер автосалон атына рәсімделіп, тез арада қайта сатылып кеткен. Ал иелері уәде етілген ақшасын ала алмады.
«Маған он күннен кейін ақшаңызды толық аласыз деді. Бірақ бірнеше ай өтті. Көлігім баяғыда басқа қалаға сатылып кетті, ал маған әлі күтіңіз деп отыр», – дейді алданғандардың бірі.
Алдын ала мәлімет бойынша 120-дан астам адам зардап шеккен. Олардың көбі несиеге алған жалғыз көлігінен айырылған.
Тергеу басталды
Полиция «Абырой Авто» иелерінің ұсталғанын және оларға «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу ісі келтірілген шығын көлемін және қатысы бар өзге адамдарды анықтап жатыр.
Ал осы кезде Астанада полиция «Абырой Автодан» сатып алынған Toyota Prado көлігін тәркілеп алды. Жаңа иелері сатып алу келісімшартын, тіркеу құжаттарын және түбіртектерін көрсеткенімен, көлікке бәрібір шектеу қойылды.
«Патруль үйге келіп, ештеңе түсіндірместен көлікті алып кетті. Бізге бірде-бір құжат көрсеткен жоқ», – дейді оқиғаға куә болған әйел.
Астана полициясы бұл көліктің алаяқтық ісіне қатысты болғандықтан, оны Атыраудағы тергеушінің тапсырмасымен тәркілегенін айтты.
Жәбірленушілер ашық тергеуді, кінәлілердің жазалануын және келтірілген шығынның өтелуін талап етіп отыр.
«Біз оларға сендік, өйткені автосалон ресми түрде, кеңсесі мен атауы бар мекеме ретінде жұмыс істеп тұрды. Мұндайды ешкім күтпеген еді», – дейді адамдар.