$ 537.34  623.05  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда әуедегі ұшақтың пилотына лазер түсірілді

Оқиға 7 тамыз күні болды

Алматыда әуедегі ұшақтың пилотына лазер түсірілді
Фото: Freepik.com

Алматыда FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қонар кезде пилотқа лазермен кедергі келтіру әрекеті анықталды. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды?

Әлеуметтік желіде FlyArystan ұшағының пилотына лазермен кедергі келтіру әрекеті жасалған сәті бейнежазбада көрсетілген.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға 7 тамыз күні Ақтөбе-Алматы бағыты бойынша FS7192 рейсі қонған кезде болған. Threads желісінде жарияланған видео авторы жағдайды ойламаған жерден камераға түсіргенін айтты:

«2025 жылдың 7 тамызы, 01:40, FS7192 Ақтөбе-Алматы рейсі. Ұшақтың қонар сәтін түсіріп отырғанмын. Кенеттен кездейсоқ пилотты лазермен соқыр ету әрекетін түсіріп алдым», — деп жазған пайдаланушы.

FlyArystan компаниясының пікірі

Авиакомпанияның баспасөз қызметі рейстің қалыпты жағдайда қонғанын және қауіптің болмағанын растады. Дегенмен, компания лазер сәулесінің экипажға әсері өте қауіпті екенін атап өтті.

«Лазер сәулесі экипажды уақытша соқыр ету немесе адастыру қабілетіне ие. Лазер сәулесі кабинаға түскен жағдайда экипаж бекітілген регламент бойынша әрекет етеді, ал мұндай оқиғалар туралы ақпарат дереу мемлекеттік органдарға жеткізіледі», — делінген хабарламада.

Полицияның мәлімдемесі

Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері пилоттарды лазермен соқыр ету фактілерінің тіркелмегенін атап өтті. Сондай-ақ, әуе компанияларынан шағымдар түспеген.

Құқық қорғау органдары бейнежазба бойынша тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352-1-бабы пилоттарды лазермен соқыр ету арқылы ұшақ қауіпсіздігіне қатер төндіруді қатаң жазалайды. Ең жоғары жазасы – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру», — деп мәлімдеді ведомство.

Неліктен бұл қауіпті?

Сарапшылардың айтуынша, тек қысқа уақытқа болса да пилотты соқыр ету ұшудың маңызды кезеңдерінде апатты жағдайларға әкелуі мүмкін. Ұшақтың қонуы мен ұшуы – ең жауапты сәттер, сондықтан экипаждың концентрациясы аса маңызды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #ұшақ