Облыстық прокуратура заңсыз істі анықтады
Жетісу облысының тұрғыны балаларына алимент төлегісі келмегендіктен Оңтүстік Корея еліне қашып кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізу аясында борышкерге шетелге шығуға шектеу қойылған. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін сот орындаушысы атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысына беру үшін өндіріп алушыға оның өтініші негізінде қайтарады.
Одан әрі өндіріп алушының өтініші негізінде борышкердің кетуіне қойылған шектеу алынып тасталып, ол Корея Республикасына емін-еркін ұшып кеткен, қазіргі уақытта сол жақта.
«Қарсы прокурорлық тексеру кезінде өндіріп алушы атқарушылық іс жүргізуді қайтару және борышкердің шығуына қойылған шектеуді алып тастау туралы өтініштермен сот орындаушысына жүгінбегенін, өтініштегі қолжазба оған тиесілі емес екенін көрсетті. Оның үстіне ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде болғандықтан өтініш бере алмайтын болған.
Борышкердің алимент бойынша берешегі өтелмеді. Облыс прокуратурасы сот орындаушысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – делінген прокуратура хабарламасында.