Риддерде полиция қызметкері мотоцикл жүргізушісін тоқтатамын деп соғып кетті
Риддерде учаскелік полицей қызметтік көлікпен мотоциклисті қағып кетті

Риддер қаласының полиция қызметкері жүргізуші куәлігінсіз жүрген мотоцикл жүргізушілерін ұстау барысында біреуін қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицей жолда қарсы жолаққа шығып, тіпті қос сызықты кесіп өтіп, үш байкердің бірін қағып кеткен.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті агенттік тілшісіне түсініктеме беріп, қызметтік автокөліктің жылдамдығы жоғары болмағандықтан, мотоциклист зардап шекпегенін айтты.
«16 тамыз күні Риддер қаласында учаскелік инспектор қызметтік автокөлікті басқарып келе жатып, жол қозғалысы ережесін бұзған мотоциклисттерді тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда басқаруды игере алмай, олардың біреуіне соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Мотоцикл жүргізушілері жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны және маневр жасау ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ал полицей жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның әрекеттерінің заңдылығы мен негізділігін бағалау мақсатында қызметтік тексеріс тағайындалды», – делінген ШҚО полиция департаменті хабарламасында.