Оралда 23 жастағы жігіт экс-сүйіктісін интимдік фотоларымен қорқытып, 9 млн теңгесін бопсалап алған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Үш жыл бойы бұрынғы сүйіктісін қорқытып келген

Фото: Azattyq Rýhy

Орал қаласында 23 жастағы жергілікті тұрғын бопсалау фактісі бойынша ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті үш жыл бойы бұрынғы қызынан ақша талап етіп келген. Ол интим сипаттағы суреттерін интернетке жариялаймын деп қорқытып, жәбірленушіні мәжбүрлеген.

Осы уақыт аралығында қыз күдіктіге 9 миллион теңге беруге мәжбүр болған.

Дәлелдер және ұсталу сәті

Тергеу барысында банктік аударымдар мен мессенджердегі хаттар бопсалаудың нақты дәлелі ретінде тіркелді.

Күдікті соңғы рет 150 мың теңге алған сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті.

Қылмыстық іс қозғалды

Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, іс облыстық полиция басшылығының бақылауында.

Полиция ескертеді

Құқық қорғау органдары азаматтарды бопсалау жағдайында дереу полицияға хабарлауға шақырады.

«Өз бетіңізше мәселені шешуге тырыспаңыз және қаскөйлердің талабына көнбеңіз. Бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін», – делінген ресми хабарламада.