Пәтер ұрысы ұсталды, қылмыскердің іс-әрекеті камераға түсіп қалды
Қарағандыда зергерлік бұйымдарды ұрлаумен айналысқан кәсіби ұры қолға түсті. Оның қылмысы бейнебақылау камерасына жазылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
36 жастағы қала тұрғыны пәтерінен алтын әшекейлердің жоғалғанын мәлімдеген. Тексеру барысында қылмыскердің терезе мен балкон арқылы кіріп, жалпы құны 675 мың теңге болатын бұйымдарды ұрлап кеткені анықталды.
Оқиға орнына арнайы жедел-тергеу тобы жіберіліп, бейнежазбалар тексерілді. Нәтижесінде 30 жастағы күдікті ұсталды. Ұрланған әшекейлердің бір бөлігі қаладағы ломбардтан тәркіленді.
Тергеу кезінде күдікті басқа ұрлыққа қатыстылығын да мойындады. Бұл жолы ол 28 жастағы тұрғынның пәтерінен 300 мың теңгеден астам мүлікті қолды еткен.
Қазіргі таңда істің мән-жайы анықталып, күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.