$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселесі талқыланды

Елімізде қыздар арасында ерте жүктілік, бала туу және аборт мәселелері алаңдатуда

Маңғыстау облысында жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселесі талқыланды
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Маңғыстау облысында «Жастар мен жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтаудың тиімді жолдары» тақырыбында семинар өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТ БОЛАШАҒЫ

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның басты басымдықтарының бірі – жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығын қорғау.

Соңғы жылдары елімізде, әсіресе қыздар арасында ерте жүктілік, бала туу және аборт мәселелері алаңдатуда. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, бұл көрсеткіштер бірнеше облыстарда жоғары деңгейде.

Осыған байланысты Ұлттық комиссия шешімімен жергілікті атқарушы органдар, дәрігерлер, педагогтар, сарапшылар, ата-аналар және азаматтық қоғам өкілдері қатысатын арнайы семинарлар өткізілуде.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жиын барысында ана мен баланы қорғау, ұлт денсаулығын сақтау –  еліміздің табысты болашағының іргетасы екенін қозғап өтті.

«Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайтуда инновациялық тәсілдерді енгізу – мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарының бірі.

Нәресте, бала және ана өлімін азайту, ерте жүктіліктің алдын алу – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігінің негізгі көрсеткіші болуы тиіс», – деді депутат.

Бұрын емханалар жанынан жұмыс істеген жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімшелер денсаулық сақтау реформасынан кейін жабылып қалған. Қазір бұл қызметтерді қайта ашу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жұмыс істейтін 4 Жастар денсаулығы орталығы толық қуатында пайдаланылмай отыр.

«2024 жылы БҰҰ Халық қоры (ЮНФПА) жүргізген сауалнамада қазақстандық жастардың көпшілігі жыныстық денсаулық туралы ақпаратты интернет пен әлеуметтік желіден алатыны анықталды.

Біз үшін басты мақсат – жастардың дені сау, саналы, білімді, өмірлік дұрыс таңдау жасай алатын ұрпақ болып қалыптасуы.

Мәселені шешуде тек дәстүрлі сабақтармен шектелмей, цифрлық технологиялар мүмкіндіктерін пайдалану өзекті.

Ата-аналармен жұмысты күшейту және мектептегі тәрбие сағаттарының мазмұнын жетілдіруге көңіл бөлу қажет. Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын кеңейту шарт», – дейді ол.

Семинарда әр қатысушы өз пікірін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Бір жыл бұрын ашылған отбасын қолдау орталықтарының мақсаттары, жұмыс жүйесі және тәжірибесі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Серіктес жаңалықтары