Түрікменстандық БАҚ-та осындай ақпарат тарады
Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркіменстанға «бруцеллезбен зақымдалған ет жеткізілді» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті түркіменстандық БАҚ-та жарияланған «Қазақстаннан бруцеллез жұқтқан ет әкелінді» деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның ресми хабарламасында:
«2025 жылы Қазақстаннан Түркіменстанға ет өнімдері экспортталмаған. Кейбір ақпарат көздерінде тараған Ақмола облысынан бруцеллез жұққан ет жеткізілді деген мәлімет шындыққа жанаспайды», – делінген.
Құзырлы орган қоғамды әрдайым ресми дереккөздердің мәлімдемесіне сүйенуге шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Хроники Туркменистана» басылымы Қазақстаннан әкелінген еттің Түркіменстандағы балалар үйлері мен балабақшаларға, сондай-ақ сауда желілеріне жеткізілгенін хабарлаған еді. Басылымның мәліметінше, өнімдер Ақмола облысынан шыққан деп көрсетілген.