Атырауда концерт кезінде жетпістен астам бала жоғалып кетті
Жайық жағалауында жастар фестивалі өткен

Атырауда 16 тамыз кешінде Жайық жағалауында өткен жастар фестивалі кезінде 70-тен астам бала жоғалып кетті. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балалар әртүрлі жағдайға байланысты ата-анасынан ажырап қалған. Кейбірі жылап отырса, енді біреулері телефонға үңіліп отырған, ал кішкентайлары орындықта қалғып кеткен. Жас шамасы 5 пен 16 жас аралығында болған.
Жағдай қалай өрбіді?
Жоғалған балалардың бәрі жақын маңдағы полиция бекетіне жеткізілген. Кейін ата-аналары келіп, балаларын тауып алған.
- 7 жасар Әлтайыр ағасын жоғалтып, ұзақ уақыт жылап жүрген. Кейін ата-анасы екеуін де тапқан.
- 11 жасар Амина анасынан ажырап қалған, себебі құрбыларымен суретке түскен.
- 10 жасар Азамат ойыншық витринасына алданып, жолын шатастырып алған.
- 9 жасар Сания доп қуып ойнап жүріп, алысқа кетіп қалған.
Тәртіп сақшыларының назарына түскен жағдайлар
Полицияның ерекше назарын Тендік ауылынан келген бір бала аударды. Ол жасы үлкен балалармен қақтығысып, жыртылған футболкамен табылған.
Сондай-ақ тәртіп сақшыларының қолына пышақ алып жүрген бірнеше жасөспірім түсті. Қазіргі уақытта олардың концертке қарумен келген себебі анықталуда.
Полиция ескерту жасады
«Осындай жағдайдың қайталанбауы үшін ата-аналарға балаларын қадағалауды күшейту қажет. Көпшілік жиналған жерде балалар оңай адасады», – деп мәлімдеді полиция қызметі.