$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда балалар орталығында үш жасар ерекше бүлдіршін ауыр жарақат алды

Зардап шеккен тараптың ауруханадан берілген анықтамасы сот-медициналық сараптамаға жолданған

Алматыда балалар орталығында үш жасар ерекше бүлдіршін ауыр жарақат алды
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласында жекеменшік балалар орталығында 3 жасар ерекше бүлдіршін ауыр жарақат алды. Қыз баланың қолы орнынан қозғалып, сынып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның мән-жайы

Threads желісінде 7 тамызда болған жағдай туралы ақпарат тарады.

Зардап шеккен қыздың анасы Айнұр Тұрысбекованың айтуынша, қызының қол сүйегі орнынан қозғалып, сынып кеткен. Дәрігерлер оған жалпы наркозбен ота жасап, қолына металл сым орнатты.

«Бұл күні бүлдіршін орталық қызметкерлерінің жауапкершілігінде болған. Дәл осы уақытта оған ауыр жарақат келтірілді. Медициналық құжаттарда бұл факт расталған. Мұндай жарақат ауыр зиян деп танылады, себебі ол ағза қызметінің ұзақ мерзімді бұзылуына әкелді және өміріне қауіп төндірді. Сонымен қатар металл сымды алып тастау үшін де жалпы наркоз қажет болады, бұл ерекше диагнозы бар бала үшін ми белсенділігінің бұзылу қаупін тудырады», – дейді қыздың анасы.

Ата-ананың талабы – әділдік

Зардап шеккен тараптың ауруханадан берілген анықтамасы сот-медициналық сараптамаға жолданған. Осыған байланысты анасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Айнұр Тұрысбекова қадағалаушы органдарға ресми арыз жолдап, орталықтың қызметін тексеруді, кінәлілерді жазалауды сұрады.

«ҚР ҚК 141-бабына сәйкес орталық қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді, қылмыстық іс қозғауды және мені жәбірленуші деп тануды сұраймын. Сондай-ақ прокурорлық шаралар қабылдап, орталықтың жұмысын уақытша тоқтату немесе жабу қажет деп санаймын. Бұл басқа балалардың зардап шегуінің алдын алады. Сонымен бірге кінәлілер моральдық және материалдық шығынды, сондай-ақ баланың емі мен оңалтуға кеткен шығынды өтеуі тиіс», – деп жазды ол.

Ресми жауап күтіліп отыр

Azattyq Rýhy тілшілері Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми ақпарат алу үшін жүгінді. Алайда жарияланым шыққан уақытқа дейін құзырлы органдардан жауап түспеді.

Серіктес жаңалықтары