Қостанай облысында баланы ұрған тәрбиеші сотталды
Сотталушы сотта кінәсін толық мойындап, шын өкінді

Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баланы ұрған Әлеуметтік арнайы қызметтер көрсету орталығының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәрбиеші сотта қатты өкінді
Сот сотталушы Б., «Қостанай қалалық әлеуметтік арнайы қызметтер көрсету орталығы» КММ-де тәрбиеші болып жұмыс істей жүріп, 2025 жылдың14 наурызында жұмыс орнында қызметтік міндетіне қайшы әрекет жасаған.
«Б.-ның қылмыстық әрекеті салдарынан жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген», - деп жазылған соттың хабарламасында.
Сот жарыссөзінде жәбірленушінің өкілі бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Сотталушы Б. сотта кінәсін толық мойындап, шын өкінді.
Кінәсін толық мойындап, іс бойынша жиналған дәлелдемелерге дау айтпағандықтан және оларды сотта зерттеуді талап етпегендіктен, іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
«Сот сотталушының шын жүректен өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», - дейді сот мамандары.
Жазадан құтылмады
Сот сотталушының бұрын сотталмағанын, кінәсін толық мойындағанын, шын өкінгенін, асырауында кәмелетке толмаған баласы барын, прокурор мен жәбірленуші өкілінің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау жөніндегі пікірін назарға алды.
«Сот Қылмыстық кодекстің 58-бабының 2. 5-бөліктерін қолданып, қылмыстар жиынтығы бойынша айыпталушы Б.-ға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды 3 жыл мерзімге атқару құқығынан айыру жазасын кесті», - делінген хабарламада.
Жазаны өтеу мерзімінде пробациялық бақылау белгіленіп, сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылды. Үкім заңды күшіне енді.