Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма табылды
Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті электрондық тұтыну жүйелері (вейптер), хош иістендіргіштер және сұйықтықтардың заңсыз айналымын жүзеге асырған ірі көтерме желінің қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тінту барысында анықталғандай, аталған өнімдер Қазақстанның барлық өңіріне Telegram мессенджері және курьерлік жеткізу арқылы жеткізілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 5 қойма табылды.
Тінту кезінде 490 мыңнан астам вейп алынды. Сарапшылардың мәліметінше, олардың сатылымынан түсетін заңсыз табыс 6 млрд теңгеден асуы мүмкін еді.
Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді жасыру үшін дроперлерді (банктік карталары өз атына рәсімделген адамдарды) пайдаланған.
Ірі сомалар қолма-қол ақшаға айналдырылып, ақшаның ізін жасыру мақсатында түрлі мәмілелер жасалған.
Тергеу деректеріне сай, заңсыз табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге бағытталып, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асқан.
Сот санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікке арест қойылды.
Заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларына іздеу жарияланды. Олар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасымен іздестірілуде.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.